2 СӘУІР ҚАНДАЙ КҮН?

2 сәуір күні әлемде Халықаралық балалар кітабы. Бұл атаулы күн әйгілі ертегіші, балалар әдебиетінің классигі Ганс Кристиан Андерсеннің туған күніне орай белгіленген. Мерекенің басты мақсаты – балаларды кітап оқуға баулу, олардың рухани дамуына ықпал ету және кітапқа деген сүйіспеншілігін арттыру. Балалар кітабы күні – тек мерекелік дата ғана емес, ұрпақ тәрбиесіне бағытталған маңызды рухани бастама.

Балалар кітабы – ұрпақ тәрбиесінің алтын діңгегі. Кітап арқылы бала әлемді таниды, өз ойын жүйелі жеткізуді үйренеді, жақсылық пен жамандықты ажыратады. Әсіресе ертегілер, танымдық шығармалар мен көркем әдебиеттер баланың қиялын дамытып, тіл байлығын арттырады. Кітап оқыған бала – ойлы, саналы, білімді болып қалыптасады. Сондықтан баланың кітаппен достығы оның болашақ тұлғалық дамуына тікелей әсер етеді.

Қазіргі таңда технология дамып, балалардың қызығушылығы гаджеттерге ауып бара жатқаны белгілі. Дегенмен, кітаптың орны әрқашан бөлек. Қағаз кітап баланың зейінін тұрақтандырып, терең ойлауға үйретеді, есте сақтау қабілетін арттырады. Осы орайда ата-аналар мен ұстаздардың басты міндеті – баланы ерте жастан кітап оқуға дағдыландыру, кітапты өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыру.

Осы бағытта кітапханалардың рөлі ерекше. Соның ішінде Түркістан облыстық Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар кітапханасы жас оқырмандарды кітап оқуға тарту мақсатында жүйелі түрде мазмұнды жұмыстар жүргізіп келеді. Кітапхана қабырғасында Халықаралық балалар кітабы күніне орай түрлі танымдық және тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Атап айтқанда, тақырыптық кітап көрмелері жасақталып, «Кітап – білім бұлағы», «Балалар әдебиетінің ғажайып әлемі» атты көрмелер арқылы балаларға жаңа кітаптар таныстырылуда. Сонымен қатар әдеби сағаттар, ертегі оқу кештері, кітап кейіпкерлерімен кездесулер, викториналық ойындар өткізіліп, оқырмандардың белсенділігі артуда. Мұндай іс-шаралар балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді.

Кітапханада өткізілетін «ТалқыLike» кітап клубы аясында оқушылар сүйікті шығармаларын талқылап, өз ойларын ортаға салады. Бұл шаралар балалардың сөйлеу мәдениетін дамытып, сыни ойлау қабілеттерін жетілдіруге ықпал етеді. Сонымен қатар түрлі байқаулар мен шығармашылық жобалар арқылы жас оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығы одан әрі арта түсуде.

Кітапхана ұжымы балаларды кітаппен достастыру жолында заманауи тәсілдерді де тиімді қолдануда. Әлеуметтік желілерде кітап насихаты жүргізіліп, бейнероликтер мен ұсыныстар жарияланып келеді. Бұл – қазіргі заман талабына сай оқырман тартудың тиімді жолдарының бірі.

Қазақ балалар әдебиетінің негізін қалаған қаламгерлер шығармашылығын насихаттау да кітапхананың негізгі іс-шараларының бірі болып табылады. Белгілі балалар ақын-жазушылары Мұзафар Әлімбаев, Бердібек Соқпақбаев, Марат Қабанбаев сынды қаламгерлердің туындылары жас оқырмандарға кеңінен таныстырылып келеді. Әсіресе балалар жазушысы Марат Қабанбаевтың «Бақбақ басы толған күн» повесі бала жүрегінен ерекше орын алған шығармалардың бірі. Оның шығармашылығы балалар әдебиетінің алтын қорынан лайықты орын алып, жас ұрпақ тәрбиесіне зор үлес қосуда. Сонымен қатар жазушының халықаралық Андерсен сыйлығын алған санаулы қаламгерлердің бірі екендігін атап өту де орынды.

Балаларға рухани азық сыйлап жүрген барлық қаламгерлердің шығармалары кітапхана қызметкерлерінің назарынан тыс қалмайды. Жас оқырман шығармашылығын дамыту, кітапқа деген сүйіспеншілігін арттыру – кітапхана ұжымының кәсіби міндеті болып қала бермек.

Қорытындылай келе, Халықаралық балалар кітабы күні – бала тәрбиесіндегі маңызды мерекелердің бірі. Кітап оқуға баулу – болашаққа салынған инвестиция. Кітаппен дос болған бала – саналы, білімді, рухани бай тұлға болып қалыптасады. Ал мұндай ұрпақ – елдің жарқын болашағының кепілі.