ӨНЕРГЕ ҚҰШТАР ЖАС ДАРЫН

Жас ұрпақтың бойындағы қабілетті танып, оны дұрыс бағытта дамыту – болашақтың берік іргетасын қалаудың бір жолы. Ұстаздары талантын таныған осындай талапты, өнерге жақын балалардың бірі – Жомарт Нұрбек Маратұлы.

Нұрбек 2014 жылдың 17 қарашасында Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Ақбастау ауылында дүниеге келген. Жастайынан зерек, алғыр болып өскен ол айналасындағы адамдардың ықыласына бөленіп келеді. Артынан ерген кішкентай інісіне қамқор, үлкенге құрмет көрсететін тәрбиелі бала. Әсіресе, әжесі Сәуле үшін Нұрбек – ерекше сүйікті немере. Мейірімді, ақкөңіл әжесі немересінің әр қадамын қолдап, оның бойындағы жақсы қасиеттердің қалыптасуына үлкен үлес қосып келеді.

Қазіргі таңда Нұрбек «Балалар өнер мектебінің» бірінші сыныбында білім алып, өнер әлеміне алғашқы қадамдарын жасауда. Өнер мектебіндегі ұстаздары Алтынбаева Майра Тұрармекенқызы мен Айтуған Гүлшат Қабылқызы жас таланттың қабілетін шыңдап, оған өнердің қыр-сырын үйретіп келеді. Ұстаздарының бағыт-бағдары мен тынымсыз еңбегінің арқасында Нұрбек түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындармен оралып, өзінің талантымен көзге түсіп жүр.

Оның бойынан жауапкершілік пен еңбекқорлық, алға қойған мақсатына жетуге деген табандылық байқалады.

Нұрбектің арманы – болашақта елге пайдасы тиетін, білімді де парасатты азамат болу. Ол үшін бүгіннен бастап тынымсыз еңбектеніп, білім мен өнерді қатар алып келеді.

Осындай өнерлі, талапты, арманы асқақ балалар – ел ертеңінің жарқын үміті. Нұрбектің талабы мен таланты оны алдағы уақытта биік белестерге жетелей беретініне сенім мол.

Жас дарынның өнер жолы ашық болып, жетістігі көбейе берсін!

 Айгүл МОЛДАБЕКОВА