Кей баланың бойында ерте жастан байқалатын ерекше қабілет болады. Сол қабілетті дер кезінде танып, дұрыс бағытта дамытса, ол баланың жетістікке жетуі де әп-сәтте. Түркістан облысы, Сарыағаш ауданының кішкентай тұрғыны Абдикаримова Афшона Фаёзқызы есте сақтау қабілетімен және ерекше танымымен елді таңқалдырып жүр. Ол небәрі төрт жаста болса да, әлем елдерінің мемлекеттік туларын, атауларын және астаналарын түгелдей жатқа біледі. Кез келген елдің мемлекеттік туын көрсетсе болды, сол елдің атауын, астанасын мүдірмей айтып бере алады.
Афшонаның географияға қызығушылығы үшжастан асқанда басталған екен. Оған себеп болған – қабырғаға ілулі тұрған дүниежүзілік саяси карта. Әріп танымайтын Афшона сол карта арқылы 195 елдің мемлекеттік туын небәрі екі ай ішінде үйреніп алған.
– Афшона үш жастан асқан кезде үйіме барлық елдің мемлекеттік тулары көрсетілген дүниежүзілік саяси карта әкелдім. Ондағы мақсат – үлкен екі ұлым әлемнің елдерімен жақынырақ таныссын деген ой еді. Бір күні қарасам Афшона ағаларымен бірге мемлекеттік туларына қарап елдердің атауларын мүдірмей айтып жүр. Он шақты күннің ішінде 15-20 елдің жалауын жаттап алыпты. Екі ай өткенде картадағы елдердің бәрінің атауын, олардың мемлекеттік туларын, тағы екі айдан соң мемлекеттердің астаналарын толық жадына сіңіріпүлгерді, – дейді әкесі Фаёз Файзидинов.
Афшонаның әкесі Сарыағаш ауданындағы №9 Майлықожа атындағы жалпы орта мектебінде ағылшын тілінен сабақ берсе, анасы Махина Таштанова – үйде бала тәрбиесімен отырған ана. Кішкентай балақайдың ерекше қабілетінің қалыптасуына үлес қосып жүрген ата-анаданқыздарының білімге деген қызығушылығын қалай оятқанын, оған елдер мен рәміздерді қандай әдіспен жаттатқанын сұрадық.
– Қызымның кейбір әлем елдерінің туларын ағаларымен қосылып жаттап алғанын байқаған соң,оған күніне 5-7 минут арнайы уақыт бөліп, өзге де елдердің туларымен таныстырып жүрдім. Әдейі осы уақыттан асырмауға тырыстым. Себебі кішкентай баланың психикасына артық салмақ түсіріп алмайын деп ойладым. Уақыт өте келе өзі де қызығып, «Мынау қай ел?» деп сұрайтын болды.
Мұндағы біздің басты әдісіміз – төрт жасар бүлдіршіннің қызығушылығын жоғалтпай, оны үнемі мақтап, жігерлендіріп отыру болды. Бұл жаста балаға ұрысу немесе дауыс көтеру оның үйренуге деген ынтасын бірден төмендетуі мүмкін. Сондықтан «Сен бәрін білесің», «Қолыңнан келеді» деп үнемі мақтап, ынталандырып отырдық. Кейде жетістігі үшін сыйақы да беретінбіз.
Әрине, Афшонаның өзінің де ерекше бейімі бар. Кей баланың қанша қызықтырсаң да үйренгісі келмейді. Қызымның есте сақтау қабілеті өте жоғары. Бір нәрсені екі-үш рет қайталаса болды, айтқаныңды тез жаттап алады. Сондықтан оған әлем елдерін танытуда аса көп күш жұмсамадық.
Мен де бала кезімнен географияға қызығатынмын. Әлем елдерінің туларын мен дебілемін, бірақ кейде түстері ұқсас келетін туларды ажырату үшін біраз ойланып қалып жатамын. Ал Афшонада ойланып қалу, кідіріп қалу, қате жауап беру деген жоқ, сұраққа бірден жауап береді, – дейді тағы да Фаёз мырза.
Бүгінде Афшона осы бір ерекше есте сақтау қабілетінің арқасында халықаралық деңгейдегі рекорд орнатуға лайық деңгейге жетіп отыр. Осы мақсатта оның есімін Гиннестің рекордтар кітабына енгізу үшін ресми сайт арқылы өтінім берілген. Сонымен қатар, Афшонаның ата-анасыжас дарынның аты Қазақстанның рекордтар кітабына да енгенін қалайды.
Төрт жасар Афшона географиямен қатар шахмат және үстел теннисіне де ерекше қызығушылық танытады. Бүгінде ол аталған спорт түрлеріне екі ағасымен бірге машықтанып жүр. Зейінді бүлдіршіннің ата-анасы болашақта одан үлкен үміт күтіп отыр. Кім біледі, бәлкім, келешектекішкентай Афшонадан Қазақстанның атын әлемге танытатын дарынды тұлға шықпасына кім кепіл?!
«АҚЫЛДЫМ»